Оның айтуынша, биыл оның елімізде өткізілуі Қазақстан үшін үлкен мәртебе және қазақстандық оқушылардың олимпиада тарихында жоғары көрсеткіштерге ие болуының нәтижесі. Олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстары өткен жылы басталды.
«Ұйымдастыру комитеті Олимпиадаға қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта жарыс өтетін жерлерде күзет, бейнебақылау, құқық қорғау, медициналық қызметпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, қызмет көрсетушілерді іріктеу конкурстарын, шығындар мен қорытындылар туралы есептерді ашық жариялау, жарысты ұйымдастыру мен өткізуде академиялық адалдықты қамтамасыз етудің жариялы жүйесі құрылуда», – деді спикер.
Ұйымдастыру комитеті олимпиада кезінде қатысушылар мен қонақтарды тамақтандыру бойынша қатаң санитарлық нормаларды ұстанады, оның ішінде өнім сапасын тұрақты тексеру, тағамды әзірлеу кезінде гигиена стандарттарын қатаң сақтау және қатысушылардың тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы хабардар болуын қамтамасыз етеді.
Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізуге жұмсалатын шығындар, атап айтқанда, биология пәнінен зертханалық жабдықтарды, эксперименттерге арналған приборлар мен керек-жарақтарды, компьютерлер, көбейткіш техникалар, полиграфиялық және интерактивті жабдықтарды, қатысушыларға арналған үстелдер мен орындықтарды сатып алу инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылады.
«Олимпиададан кейін зертханалық жабдықтар оқу процесінде пайдалану үшін мамандандырылған мектептерге берілетін болады. Олимпиаданы өткізуде барлық белгіленген халықаралық стандарттар сақталуға тиіс. Ол Назарбаев университетінің базасында ұйымдастырылады. Университеттің техникалық жабдықталуы олимпиада турларын өткізу стандарттары мен шарттарына толық сәйкес келеді», – деді Ғ.Тұрсынов.
Жыл бойы халықаралық деңгейдегі олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Олимпиада екі турдан тұрады: теориялық және практикалық тур. Тапсырмалар биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы саласын қамтиды. Халықаралық деңгейдегі тапсырмаларды Ғылыми комитет әзірлеуде. Наурызда практикалық тапсырмадан стресс-тест өткізіледі. Олимпиада тапсырмаларының және аудармасының сапасын тексеру үшін шет елдердің білікті мамандары тартылады.