«Биыл егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға қаражат бөлудің 6 арнасы пайдаланылды: Аграрлық несие корпорациясы, екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, микроқаржы ұйымдары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар. Келесі жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша жалғасады», – деді спикер.
Кепілдіктің жетіспеуі, оның ішінде несие мерзімінің ұзаруына байланысты мәселені шешу үшін «Даму» қоры арқылы несиеге кепілдік беру тетігі енгізілді, бұл несие сомасының 85% кепілдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін 8-10%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на техниканы жылдық мөлшерлемесі 5% лизингке беру үшін қосымша 100 млрд теңге тарту шаралары қабылданды. Бұл көлем алдағы жылдары 400 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады .
«Сондай-ақ, енді фермерлер жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша лизингке техника сатып алып қана қоймай, кейіннен инвестициялық субсидиялау тетігі бойынша 30% өтемақы алу мүмкіндігіне ие болды», – деді спикер.