ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова атап өткендей, елімізде MICS зерттеуі төртінші рет жүргізіліп отыр.
Оның мақсаты – балалар мен әйелдердің жағдайын бағалау үшін қажет негізгі көрсеткіштерді жинау.
«Бұл іс-шараның маңызы зор, өйткені MICS-тен алынған мәліметтер бізге базалық көрсеткіштерді белгілеуге, мақсатты анықтауға, ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындаудағы прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Зерттеу Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) және Азия даму банкінің қолдауымен жүргізіледі», - деді спикер.
Биыл Қазақстандағы MICS-тің негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатының жай-күйін бағалау және мониторингтен өткізу, сондай-ақ олардың дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сауалнама денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа да көптеген аспектіні қамтитын сұрақтардан тұрады.