Оның айтуынша, өңірде 2024-2026 жылдар аралығында экономиканың түрлі саласында құны 666 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1 800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 14 жоба іске қосылды. 

«Сонымен қатар алдағы уақытта өңіріміздің барлық бағыттағы әлеуетін пайдалана отырып инвестициялық құны 27 трлн теңге болатын 8 ірі жобаны ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, әйгілі «SVEVIND» неміс-швед компаниялар тобы жел мен күннен тоқ алып, жиналған энергияны жасыл сутегіге айналдыратын ірі зауыт салады. Зауыт жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіреді және өнім экспортқа шығарылады. Елімізде теңдесі жоқ бұл жоба энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізбек. «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындарын игеру де өңір экономикасына тың серпіліс береді. Бұл жобада жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Аммиак-карбамид кешенінің құрылысы, Құбыр шығаратын зауыт, Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауыты, Каспий теңізі акваториясында кеме жасау верфі, сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт пен контейнерлік хаб салу сынды ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларда құрылыс кезінде 8 мың, іске қосылғаннан кейін 4 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады», – деді өңір басшысы. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде туризм саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Мәселен, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірге шет елдер мен ел аймақтарынан 367 мың турист келіп 15,2 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 20%-ды құрады.             

Ақтаудағы «Жылы жағажай» аумағында 2027 жылға дейін инвестициялық құны 100 млрд теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Биыл 8,5 млрд теңгеге 3 жоба іске қосылды. Президент өз Жолдауында «Кендірлі» курорттық аймағының потенциалын одан әрі дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Қазіргі таңда курорттық аймақтың бас жоспары әзірленді. «Кендірлінің» дамуына оң серпін беру үшін дәстүрлі жағажай және экотуризмнен бөлек осында «ойын-сауық туризмі» сияқты қосымша бағытты да дамыту көзделген.  Қазіргі таңда бұл бағытта мүдделі органдармен пысықтау жұмыстары жүргізілуде.