Қостанай, Ақмола және Ұлытау облыстарының аумағы арқылы өтетін «Жезқазған-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қостанай облысы бойынша жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарланған.

«Бұл жобаны іске асыру біздің оңтүстік өңірлеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін жақсартады және еліміздің оңтүстік облыстарынан, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан қозғалыс бағытын Астанаға – 600 шақырымға дейін, Қостанай мен Петропавлға – 450 шақырымға дейін қысқартады. Бұл жоба жүк көліктерінің шығынын азайтып, Арқалық үшін үлкен мүмкіндіктер ашады», – деді өңір басшысы ОКҚ баспасөз конференциясында.

Әкім тұрғын үй мәселелерін шешу туралы да хабардар етті. Биыл Қостанай облысында 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, яғни 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов атап өткендей, тұрғын үй саясатын іске асыруға 2024 жылы бюджеттен 44,4 млрд теңге бөлінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артық. Жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Қостанай жастары» бағдарламасына 2 жыл ішінде 2,1 млрд теңгеден бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. 277 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.

«Тұрғын үй құрылысында біртіндеп жаңа аумақтарды игеріп жатырмыз. Мысалы, Қостанай ауданында салынып жатқан жаңа шағын аудандардағы 176 га алаңда 154 көпқабатты тұрғын үй салынады. Бұл шамамен 60 мың адамға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Құмар Ақсақалов.