Тулейн университетінің (АҚШ) профессоры, ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Дияр Талбаев шетелдік ЖОО жанындағы өзі басқаратын ғылыми-зерттеу зертханасының немен айналысатыны туралы қысқаша айтып берді.

«Зертхананың басты мақсаты - іргелі зерттеулер. Іргелі ғылымның рөлі -  технологияларды немесе қолданбалы бағыттарды дамытуда кейіннен қолдану үшін негіз қалайды», - деді профессор.

Оның айтуынша, ғылым жөніндегі кеңестің отырысында қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Бұл - цифрлық немесе компьютерлік қауіпсіздік, пандемиядан, болашақ аурулардан биоқорғаныс. Сондай-ақ, халықтың қартаюы мәселелері көтерілді, ол дамыған сайын әлеуметтік тұрғыда өзектене түсуде. Біз зейнеткерлерімізді қалай қолдаймыз - ғылым да осы сұрақтарға жауап іздеуі керек, дейді ғалым.

«Қазақстанның зор әлеуеті бар. Ең алдымен, бұл адамдар. Олар ғылымда табысты жұмыс істей алатындай, өздерін көрсете алатындай қолдауды жалғастыру керек. Осы бағытта бүгін Президент көптеген нақты идеяларды ұсынды», - деді спикер.

Халықтың қартаю мәселелері жөніндегі пікірталасқа дөңгелек үстелдің тағы бір қатысушысы Густав Рози институтының (Франция) «ДНҚ репарациясы» зертханасының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Мұрат Сапарбаев қатысты.

Ғалымның айтуынша, оның зертханасы Алматы мен Астанадағы осындай зертханалармен байланыста. Олар қартаю мәселелері бойынша бірлескен зерттеулермен айналысады және болашақта қатерлі ісік немесе ми деменциясы сияқты аурулардың өсуімен күресу бағдарламаларын әзірлейді. Бұл жалпы әлемдік үрдіс. Дамыған елдер, атап айтқанда АҚШ үшін, артық салмақтан зардап шегетін, қант диабетімен ауыратын және т. б. адамдар санының өсуі бойынша зерттеулер өзекті болып табылады.

Оның пікірінше, ғылыми трендтерден жаһандық жылыну, экожүйені сақтау мәселесін бөліп көрсету керек.

«Менің ойымша, Қазақстан да осы процестерге қатысып, көптеген көрші елдерге мұнайға тәуелділіктен қалай арылуға болатынын үлгі ете алады. Қазақстанда Президент пен Үкімет ғылымға, ғалымдарға қамқорлық көрсетіп, осы салаға қаражат салуда. Біздің еліміз ашық жүйе болып қала береді, идеялармен, адамдармен алмасу жүріп жатыр, білімге жалпыға бірдей қолжетімділік бар. Бұл ұлттың зияткерлік әлеуетін жан-жақты арттырады», - дейді ғалым.

Бұл әлеуеттің өсуі біз тек болжай алатын болашақтың сын-тегеуіріндеріне жауап болады. Ал ол үшін өзіміздің сарапшыларымыз болуы керек, оларды тәрбиелеу керек. Жүйенің ашықтығы, ғылыми ортадағы бәсекелестік - осының бәрі Қазақстанның әлемдік трендтерге енуіне ықпал етеді, дейді М. Сапарбаев.