Оның айтуынша, балалардың әл-ауқатын дамытуға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділігін бағалау үшін 2022 жылдан бастап балалардың әл-ауқатының индексі әзірленіп, іске қосылды.  

«Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылуда, ол балалардың құқықтарын қорғау саласындағы шараларды іске асыру жөніндегі ведомствоаралық құжат болып табылады. Қабылданған шаралардың арқасында соңғы 10 жылда балаларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар саны 3 есе азайды. Алайда балаларға қарсы қылмыстар саны артып келеді. Өкінішке орай, біз ересектердің балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына тап болдық. Мемлекет барлық тиісті органдармен бірлесіп, осындай оқиғаларға барынша тиімді ден қоюға және қиын жағдайларда балаларды қорғау жөніндегі шараларды енгізуге ұмтылады», – деп атап өтті спикер.  

Бұл жұмыс қауіпсіздік пен өскелең ұрпақтың болашағына қамқорлықтың сенімді деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық тараптың күш-жігерін біріктіруді талап етеді.  

«Балалардың мүддесіндегі мемлекеттік саясат баланың құқықтарын, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, азаматтардың баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны, оған зиян келтіргені үшін жауапкершілігін заңнамалық қамтамасыз етуге негізделген», – деп атап өтті спикер. 

Осы жылдан бастап әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заң шеңберінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институты мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді, оның ішінде буллинг және баланы автобустан түсіруге тыйым салу үшін жауапкершілік енгізілді. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауға жататын объектілер тізбесін ұлғайту бөлігінде бақылау функциялары кеңейтілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі өкілеттіктер кеңейтілді. 

Отбасыларға уақытылы заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, балалардың құқықтарын бұзудың алдын алу және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік сall орталығы жұмыс істейді. 

Бұдан бөлек, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық заңнаманы ұдайы жетілдіру жөнінде пәрменді шаралар қабылдануда. Осылайша, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілік күшейтілді, отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайту үшін нормалар енгізілді, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітілді, олардың бақылау функциялары кеңейтілді. 2024 жылдан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институты енгізілді. Штат санын ұлғайту және қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының нормативін бекіту бойынша жұмыс жалғасуда. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқығын іске асыру бойынша түзетулер әзірленді. Парламент Сенатында отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізуді көздейтін заң жобасы талқыланады. Отандық заңнама балалардың өмір сүруіне, қауіпсіздігіне, біліміне, әлеуметтік қамсыздандырылуына, денсаулығын қорғауға және басқа да маңызды құқықтарға кепілдік береді», – деп түйіндеді вице-министр.