Оның хабарлауынша, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен екінші жыл қатарынан Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткізіліп келеді. Ол Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және дамытуға бағытталған. 2024 жылы мектепішілік кезеңге 113 мыңнан астам бала тіркелді, бұл 2023 жылға қарағанда бала санының 35 мыңға көбейгенін көрсетеді. Нәтижесінде ауылдық оқушылардың жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге жуық артып, мыңдаған ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 


«Ауыл мектебінің оқушыларын зияткерлік олимпиадалар мен байқауларға дайындау мақсатында «Дарын» онлайн мектебі өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда оған II Республикалық ауыл олимпиадасының мыңға жуық финалисі сырттай қабылданып, білімін жетілдіруде. Халықаралық олимпиадаларға дайындық үшін «Дарын» орталығы олимпиадалық резерв мүшелеріне 27 республикалық және 5 халықаралық оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Бұл қазақстандық оқушылардың интеллектуалдық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді», -деді спикер.


Былтыр халықаралық олимпиадаларға Қазақстаннан барған әрбір екінші қатысушы жүлделі орын алды. Ұлттық құраманың қоржынында - 563 медаль бар, оның 77-сі - алтын, 201-і - күміс, 285-і - қола және 51-і - грамота. Мәселен, Химиядан беделді халықаралық олимпиадада (IChO) қазақстандық оқушылар екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ал «First Global Challenge» робототехника бойынша дүниежүзілік чемпионатта Қазақстан өкілдері190 елдің командаларын басып озып, үш дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Біздің жас таланттар Балқан түбегінің үздік математиктерінің үштігіне кірді, ал Қазақстаннан келген оқушылардың үш ғылыми жұмысы 70-тен астам елден 2 мың қатысушыны жинаған Regeneron ISEF-2024 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік байқауында беделді марапаттарға ие болды. 


2024 жылы Қазақстан құрама командалары әлемдегі ең беделді жеті олимпиадаға қатысты: Математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), лингвистика (IOL), химия (IChO), география (igeo) және информатика (IOI) бойынша Халықаралық олимпиада. Біздің оқушылар 26 медаль жеңіп алды, оның ішінде 2 алтын, 12 күміс және 12 қола, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсті.

 

«Қазіргі уақытта Қазақстан олимпиадалардың жүлдегерлерін марапаттау тәжірибесіне ие аз ғана елдердің бірі. Президенттің бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы беріле бастады. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған оқушылар мен оларды дайындаған педагогтар бір реттік мемлекеттік сыйақы алады: алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК. Алтын медаль алған оқушыны дайындаған ұстазға – лауазымдық жалақысының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс медаль алғанға – 17,5, қола медаль алғанға – 8,5 еселенген мөлшерінде біліктілік арттыру деңгейіне сәйкес сыйақы беріледі», - деді Г.Тұрсынов.


Тарихта алғаш рет әлемдік пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ақордада бас қосып, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 26 оқушы мен оларды даярлаған 24 педагогқа жалпы сомасы 77,5 млн теңге және 6,5 млн теңгені құрайтын ақшалай сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу гранттарын алды. Грант алған алты түлектің бесеуі отандық жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруда.