«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» күндері әр әйелдің, әр баланың тағдырына қарауға шақыратын күндер. Өйткені зорлық деген тек бір үйдің ішіндегі мәселе емес, зорлық – бүкіл қоғамның жанын ауыртатын елдің болашағына әсер ететін нәрсе. Сол себепті Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында нақты қадам жасалды. Ішкі істер құрылымында тұрмыстық зорлықпен айналысатын арнайы бөлімше құрылды. Бұл бөлімшеде істейтін қыз-келіншектердің еңбегі де өте ерекше. Көбіне, олар түнде де, демалыссыз да жұмыс істейді. Бұндай ауыр жұмысты әркім істей алмайды. Сол үшін мен олардың әрқайсысына алғыс білдіргім келеді. Әрқайсысы – бір қыз, бір ана, бір отбасын қорғап жүрген шын батыр», – деді депутат.
Спикер осы бөлімше қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, оларды баспанамен қамтамасыз ету жайында да сөз қозғады. Қ.Әбденнің айтуынша, соңғы жылдары Парламент зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейтті. Бұрын тек ескерту берілетін кейбір әрекеттер үшін қазір қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. «Сталкинг» деген ұғым енгізілді. Агрессорларды міндетті түрде коррекцияға жіберу көзделген. Яғни тек жазалау ғана емес, оның мінез-құлқын түзетуге бағытталған шаралар қабылданды.
Сонымен қатар қазір Парламент депутаттары Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізу жайын талқылап жатыр. Мәселен, кішкентай балалары бар ата-аналарға қысқартылған режимде жұмыс істеу мүмкіндігін беру мәселесі жиі қозғалады. Депутаттың пікірінше, мұндай жаңашылдық балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізетін шешім болуы мүмкін.