Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық брифинг барысында журналистің жолдаған сауалына осындай жауап қайтарылды. Бұл пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылмақ. Интеграцияның нәтижесінде екі платформаға 1 логин-парольмен кіреді және оқушы бір платформада видео көріп, тапсырманы орындаған соң жинаған баллдарын автоматты түрде екінші платформадан көре алатын болады.
«Қазіргі кезде кез келген қолданушы үшін ең қиыны әрі ыңғайсызы – платформалардың көптігі. Орта есеппен бір мектепте 4-5 платформа қолданылады. Мұғалімдер мен ата-аналар олардың логин-паролін жаттау керек. Бұл ыңғайсыз. Сол себепті «Daryn.online» және «Күнделік» платформалары бірігуді жоспарлап отыр. Интеграция қазан айында аяқталады»,- деді «Daryn.online» білім беру платформасының өкілі Ержан Оңалбаев