Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес жұмысының алғашқы нәтижелері белгілі болды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы бағыттағы бастамаларға тоқталып, Кеңес аясында жұмысын бастаған Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ ол балалар құқығын қорғау мәселесінде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және еріктілердің қызметін үйлестірудегі партияның рөліне назар аударды.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік саланы дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халыққа көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік әлеуметтік көмек түрлері мен оның жолдарына назар аударды. Одан бөлек, аталған Кеңес аясында жұмыс істейтін бірқатар нақты бағыттарды да тілге тиек етті.
Атап айтқанда, партия Төрағасының Бірінші орынбасары кез келген азаматқа әлеуметтік қолдауға қатысты толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесіне кеңінен тоқталды.
– Бұл жүйе мемлекеттік жеңілдіктермен бірге еріктілер мен меценат кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін нақты көмектерді де қамтиды. Аталған жүйе еліміздің барлық өңіріндегі партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы қызмет көрсетеді. Ол жерде әлеуметтік көмекке қатысты толық мәліметтер мен кеңестер алуға болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары Кеңес жұмысының аясында жасотандықтардың мемлекеттік органдармен бірлесіп, әр үй мен отбасын аралап шығатынын жеткізді. Бұл істе еліміздегі барлық елдімекен қамтылмақ. Сол арқылы мұқтаж отбасыларды, соның ішінде бұрын-соңды мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек сұрамай, назардан тыс қалып келген азаматтарды анықтауға жол ашылады. Алдағы уақытта ондай отбасылардың балаларын жасотандықтар өз қамқорлықтарына алып, қолдау көрсетеді.
– Осындай нақты шаралар кейбір мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді. Психологтар мен әлеуметтік қорғау органдары мамандарының көмегімен қолдауға зәру отбасыларды анықтап қана қоймай, оларға дер кезінде көмек көрсетеміз деп үміттенеміз. Мұндай игі істер әлеуметтік келеңсіздіктерді еңсерумен бірге түрлі қиындыққа тап болған балалардың теріс жолға түсіп кетпеуіне де өз септігін тигізері сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қоғамдық бірлестіктерді, еріктілерді және кәсіпкерлерді халықтың әлеуметтік ахуалына бейжай қарамай, Кеңес жұмысына атсалысып, елдік мүдде жолында күш біріктіруге шақырды.
Өз кезегінде брифингке қатысқан «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева Кеңестің жұмысы мен оның бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ал Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерге кеңінен тоқталды.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес Елбасы тапсырмасымен 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Аталған Кеңес арқылы «Нұр Отан» көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырып, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау ісін қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа консультативтік-кеңесші органның құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері мүше болды.