Іс-шара аясында ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етіп, заң шығарушы билік институтын нығайтуға және Қазақстан Республикасының әрбір азаматының саяси шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған курсты жүзеге асырудың іргелі тәсілдеріне ерекше назар аударды..
«Жаңа Қазақстанның» контуры айқын көрсетілген – бұл қуатты азаматтық қоғамы бар тиімді мемлекет. Бүгінгі таңда біздің мемлекеттік құрылысымыздың негізгі формуласы жүзеге асырылуда, яғни «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», – деп және еліміздің даму контекстінде, сонымен қатар соңғы геосаяси үрдістер аясында Қазақстанның демократиялық реформаларын ашық талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
KAS Азия және Тынық мұхиты департаментінің басшысы Кристиан Эхле қатысушыларды әлемнің 111 қаласында кеңселері бар, соның ішінде Нұр-Сұлтанда да, саяси даму және білім беру саласындағы жетекші неміс сараптау орталықтарының бірі болып табылатын аталған Қордың қызметімен таныстырды. К.Эхле атап өткендей, Қазақстандағы KAS қызметінің басым бағыттары мемлекеттік басқару және бұқаралық ақпарат құралдарын, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін, сондай-ақ саяси білім беруді, оның ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттеріне гранттар беру арқылы дамыту болып табылады. Демек, Қордың мақсаттары «Жаңа Қазақстанда» белгіленген стратегиялық көзқараспен үндеседі.
«Ел және жаһандық контексттегі Қазақстандағы реформалар үдерісі» атты панельдік пікірталас шеңберінде шақырылған сарапшылар ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, Қазақстандағы KAS Өкілдігінің басшысы Йоханнес Рай, қазақстандық саясаттанушы, «Exclusive» журналының редакторы Расул Жұмалы, Германия халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институтының аға ғылыми қызметкері Андреа Шмитц және Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Әлия Оразғалиева Қазақстанның тәуелсіздік алған 30 жылдағы дамуына баға беріп, республиканы сенімді халықаралық серіктес және шетелдік инвестиция үшін тартымды орын ретінде одан әрі нығайтуға өз көзқарастарын білдірді.
Й.Рай өз сөзінде жақында америкалық «The National Interest» басылымында ҚР Президентінің мақаласы жарияланғанына назар аударды және Еуразиядағы геосаяси жағдайды ескере отырып, «Германия Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуы керек», - деп мәлімдеді. Осы орайда, ол екіжақты ынтымақтастықтың энергетиканы әртараптандыру, парламентаралық диалог, білім сапасын арттыруға инвестиция сияқты бағыттарының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, А.Шмитц «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын ойдағыдай жүзеге асыру ел мен оның басшылығына сын-қатер екенін атап өтті. Дегенмен, сарапшы стратегияның «консультацияларға негізделген түрлі қоғамдық орталардың пікірлерін есепке алуы ұсынылып отырған реформалардың заңдылығын нығайтады», - деп есептейді. Сондай-ақ, сарапшы жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру үдерісін тереңдетуде тиісті «тежемелік және тепе-теңдік» (checks and balances) жүйесін әзірлеу қажеттілігіне назар аударды.
Елшіліктің онлайн-дөңгелек үстелі дәстүрлі түрде сұрақ-жауаппен аяқталып, оның барысында сайлау жүйесін жетілдіру, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі, партиялардың сайлауға түсу межесін төмендету, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кіру және т.б. тақырыптар бойынша қызу пікірталастар орын алды. Шақырылған баяндамашылар қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, қазақстандық демократияның дамуына қолдау білдірді.