Бүгін Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы өтті. Оған елімізбен қатар Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, Түркістан облысындағы БАҚ басшылары мен өкілдері ғалымдар және студенттер қатысты.
Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар, өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген.
Форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі. Ол жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.
«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды.
Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Қазақтың ел бастаған хандары мен билері, батырлары мен ардақты азаматтары мәңгі қоныс тепкен Түркістанды түлетуден сіздер де шет қалмайсыздар деп сенемін. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Ж.Қансейітұлы.
Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, осы форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сондай-ақ шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Басқосуда «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Шәмшидин Паттеев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, Республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Tengrinews.kz порталының бас директоры Сұңқар Қарабалин, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Смайл Срайл, «Қазақпарат» ХАА бас директорының кеңесшісі Қаламқас Әбуова, Түркияның «ТRT» телекомпаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар, Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузули, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Джаныбаев, Өзбекстанның «УзА» ақпараттық агенттігінің басшысы Макназар Елчиев, Татарстанның ТНВ телекомпаниясының өкілі Рамис Латипов, «ЗАҢ» медиа-корпорация» ЖШС бас директоры Досымбек Қонысбек сөз сөйлеп, ақпараттық саланы жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салды. Түркістан қаласын көркейту бойынша да өз ұсыныс-пікірлерін айтып, түркістандық журналистермен пікір алмасты.
Форум аясында Түркістан облысы ішкі саясат барқармасы мен шетел басылымдары арасында келісімдер мен меморандумға қол қойылады. Жаңадан ашылған «Түркістан медиа» халықаралық орталығы арқылы енді облыс туралы ақпараттарды түркі тілдес елдердің БАҚ-да 5 тілде (әзірбайжан, түрік, өзбек, қырғыз, қазақ) тарату жөнінде шетелдік басылымдармен келісім жасау көзделген. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда БАҚ өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
Форумға қатысушылар журналистика саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, жаңа ақпарат кеңістігінде Түркістанның да алар орны бар екенін, өңір журналистикасы заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді. Киелі мекеннің туристік және рухани әлеуетін көтеруде осындай форумдардың оң серпін беретінін атап өтіп, ақпарат айдынында Түркістанның дамуына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.