Жыл басынан бері өңірдің экспорттық тауар айналымы 2,1 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлімдеді.
Павлодар облысы Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты бойынша үздік үштікке енді, ал, шикізаттық емес экспорт бойынша облыс республикада екінші орында тұр.
Облыста жасап шығарылатын өнім әлемнің 40 еліне экспортталады. Шет елдерге көбінесе мыс рудасы мен концентраттары, алюминий тотығы мен өңделмеген алюминий, ферроқорытпалар, алюминий сымдары, құбырлар, көмір және электр энергиясы сатылымға шығарылады. Қазіргі таңда экспортқа бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр. Олар - ферросилиций өндірісі, металлургиялық шлактардан құрылыс толықтырғыштарын, алюминий радиаторлары мен көше шамдарын және темір жолға қажетті дөңгелектер жасап шығару.