Мемлекеттің қолдауының арқасында инвестициялар көлемі 1,6 есе артып, көрсеткіш 15 миллиард теңгеден асып түсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлімдеді.

 «Өңірде 35 аграрлық жоба жүзеге асырылды. Егер, ірі жобалар туралы айтатын болсақ, «Group KSM» ЖШС сыйымдылығы 37 мың тоннаны құрайтын элеватордың құрылысын жүргізіп жатыр, «Гринланд» ЖШС күнбағыс майын өндіретін зауыт, ал, «Андас» ШҚ 20 мың тонналық көкөніс қоймасын салып жатыр», - деді Б. Бақауов.  

Сонымен бірге, облыста 11 мың бас малға арналған үш бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. 720 бас малға арналған екі сүтті-тауарлы ферманың құрылысы аяқталды («Сергей» ШҚ және «Киров» ЖШС), тағы үш СТФ-ың құрылысы аяқталып жатыр («Пахарь» ШҚ» ЖШС, «Луганск» ӨК және  «Галицкое» ЖШС).

Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуының негізін суармалы алқаптар құрайды. Биылғы жылы 4 мың га суармалы алқаптар іске қосылды.