ҚР МҚІА департамент директоры Жарқын Тілеукеновтың айтуынша, тиісті жоба әзірленіп, келісу сатысында.


«Егер әр түрлі лауазымдардағы өкілеттіктер шеңбері мен жауапкершілік деңгейі бір-бірімен салыстырылса, онда «Тең жұмыс үшін бірдей төлем» қағидасы іске қосылады», - деді ол.
Сонымен қатар, Ж.Тілеукенов қазіргі уақытта лауазымдарды функционалдық блоктар бойынша бөлу әдіснамасы пысықталып жатқанын атап өтті.


Атап айтқанда, қандай да бір лауазым мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге қаншалықты тікелей әсер ететіні бағаланатын болады.


«Стратегиялық блок бар, осы стратегиялық функцияларды іске асыруға ықпал ететін лауазымдар бар, мемлекеттік органның қызметін техникалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын лауазымдар бар. Қандай да бір функционалдық блокқа тиістілігіне байланысты мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы мөлшері сараланатын болады», - деп атап өтті Ж.Тілеукенов.


Сонымен қатар, оның айтуынша, еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктерді қысқарту үшін ауылдық және аудандық деңгейге ерекше назар аударылатын болады. Мемлекеттік қызметтің барлық жүйесі бойынша еңбекақының жалпы өсімі 30-дан 150 пайызға дейін болады.