Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің шектеу және карантиндік іс-шараларды қатаңдатудың қосымша шаралары туралы Қаулысы қабылданды. Әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізілді. Олардың тізімін Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқып берді.
Құжат 30 наурызда күшіне енеді.


«Сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, сондай-ақ сауда желілерінің жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін азық-түлік емес тауарларды сату жөніндегі қызметін шектеу, демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салу. Тек оларда орналасқан дәріханалар, сондай-ақ азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын шағын маркеттер, супермаркеттер мен гипермаркеттер, сондай-ақ осы қаулымен, орналасқан жеріне қарамастан қызметі рұқсат етілген объектілер үшін ерекше жағдайлар қарастырылған», - бұл бірінші тармақ.


Жұмыс күндері жұмыс уақыты қысқартылды және демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің, базарлардың, спорт объектілерінің, моншалардың жұмысына тыйым салынды. Жексенбі күні автобустар қозғалысы тоқтатылады, ал мектеп бітіруші сыныптардан басқа, оқушылар мен студенттер қайта онлайн оқуға көшеді.


Айта кетейік, «Ashyq» пилоттық жобасына қатысушылар сары аймақтың нысандары ретінде жұмыс істейді.


Аниматроникс театрларының, океанариумның, шағын хайуанаттар парктерінің, концерт залдары мен театрлардың жұмысына, спорттық және бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады.