«Коронавирус инфекциясының таралуын медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету деңгейінде тоқтатуға болады. МСАК ұйымдастыруды жақсарту үшін 2021-2025 жылдарға арналған халықтың, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындардың кең ауқымы үшін ұтқырлық пен қолжетімділікті арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді», - деді А.Цой.


Жоспарға медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен көлемін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті жарақтандыру, цифрландыру, қаржыландыру және МСАК-тың басқа да өзекті мәселелер кіреді. Нәтижесінде, елде үздік практикалардың өңірлік орталықтары дамитын болады, профилактиканың жаңа тәсілдері (Check-Up, халықты профилактикалық қарап-тексеру) енгізіледі.


«2021 жылдың басынан 149 ЖМК шалғай ауылдарға диагностикалық қызметтер мен көпбейінді медициналық қызмет көрсетеді. Биыл шалғайдағы 2095 елді мекеннің  2,6 млн астам тұрғынын қамту жоспарланып отыр, оған 8 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 2 есе көп», - деді Денсаулық сақтау министрі.


Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту үшін медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл 11 мыңнан астам маманды, оның ішінде 35-ін шетелде оқыту жоспарлануда.