«Депутаттық сауалдың негізгі тезистері бойынша түсініктеме беріп, АӨК нақты жағдай туралы айту қажет деп санаймыз. Бірінші кезекте азаматтарды Қазақстанда импорттық өнімдерге 80% тәуелділік жоқ деп сендіргім келеді. Керісінше, біз барлық негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 80 және одан да артық пайызын қамтамасыз етеміз», - деді Азат Сұлтанов.


Импортқа тәуелділік азық-түлік тауарларының тек 6 түрі бойынша ғана бар: құс еті, шұжық, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық – 25-тен 48% - ға дейін.


«Мұны АӨК өнімдерінің тауар айналымы бойынша статистика жүргізетін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша Ұлттық статистика бюросының ресми деректері растайды», - деп қосты ол.


Жоғарыда көрсетілген өнім өндірісін ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған импортты алмастыру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруда. 3 жыл ішінде 19 құс фабрикасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, жаңа қант зауытын іске қосу, тауарлық балық өсіру бойынша 8 жобаны іске қосу, сондай-ақ 6,6 мың га қарқынды бақша (негізінен алма) салу жоспарлануда. Бұдан басқа, жыл сайын 35 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасы іске қосылады.


Қазіргі уақытта айтарлықтай нәтижелер бар. 2020 жылы Алма өндірісі 36 мың тоннаға ұлғайды, жалпы қуаты 93 мың тоннадан астам сүт болатын 48 СТФ, қуаты 33 мың тонна ет өнімдерін шығаратын 3 ет комбинаты, қуаты 95 мың тонна құс етін өндіретін 8 құс фабрикасы, жиынтық қуаты 2,2 мың тонна балық өндіретін 3 объект іске қосылды.


Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2023 жылға қарай аталған өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100% (қантты қоспағанда) құрайды.


«Импорт тақырыбын жалғастырсақ, $1 млрд дейін жететін импорттық ауыл шаруашылығы өнімдерінің теріс теңгерімі туралы тезис те дұрыс емес.
Шын мәнінде, соңғы 5 жылда АӨК өнімдері импортының теріс сальдосы 45%-ға - $1,1 млрд-тан $600 млн-ға дейін төмендеді, яғни депутат өз сауалында ескі деректерді пайдаланған», - деп атап өтті Сұлтанов.


Бұл ретте импорт көбінесе экзотикалық тауарлармен немесе Қазақстанда өспейтін шикізатпен ұсынылған, деп атап өтті АШМ өкілі. Мысалы, шикі қант қамысы ақ қант өндіруге арналған шикізат болып табылады және Оңтүстік Америка елдерінен әкелінеді. Какао пасталары мен ұнтақтары тропикалық елдерден жеткізіледі және отандық шоколад пен кондитерлік өнімдерді өндіруге арналған шикізат болып табылады. Кокос және Пальма майлары сүт пен кондитерлік өнімдердің көптеген түрлеріне шикізат болып табылады және тропикалық елдерден де әкелінеді.


«Табиғи-климаттық жағдайларға байланысты Қазақстан сондай-ақ ананас, банан, апельсин, мандарин, кокос және т.б. импорттауға мәжбүр болады), балықтың мұхиттық түрлері мен теңіз өнімдері. Бұл тауарларды әкелмеуге болмайды, сондықтан олар бойынша импортты алмастыру мәселесі тұрған жоқ. Осыған байланысты біз әлеуметтік маңызы бар тауарларымызды өндіруді дамытуға баса назар аударамыз. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыс айтарлықтай табысты жүргізілуде», - деп түйіндеді өз сөзін ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры.