«Қазіргі таңда вакцинаның екінші компонентін алған 60 мыңнан астам адам осы электронды паспортты қолдана алады. Адамдар осы EGov mobile қосымшасын жүктеп алуы қажет. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Электрондық цифрлық вакцина паспорты QR-код арқылы оқу арқылы расталады. Вакцинацияға да аталған қосымша арқылы алдын ала жазылуға болады. Техникалық жағдайлары шешілді. Денсаулық сақтау министрлігінен келісім алған соң ол бірнеше қалада пилоттық режимде іске қосылады» ,- деді министр. 


Бұдан басқа, коронавирустың халық арасында таралу қаупін азайтып, бизнеске карантиндік шектеулер кезінде жұмыс істеуге көмектесетін Ashyq қосымшасы бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жоба Қазақстан бойынша кезең-кезеңмен барлық қалаларда енгізіледі. Қазіргі кезде жоба «қызыл аймақтағы» үш қалада іске қосылды. Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және инфекция ошағын уақытылы анықтау мақсатында SaqBol қосымшасы әзірленді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл қосымшалардың барлығы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жасалған.