Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жауапкершілік дәйекті түрде күшейтілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов хабарлады.


Оның айтуынша, жемқорларға ықпал ететін қылмыстық-құқықтық шаралар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар арсеналындағы жалғыз қару бола алмайды және болмауы тиіс. Бұл мемлекеттің заңсыз әрекеттерге ден қоюының төтенше шаралары.


«Қылмыстық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға бейім адамға олардың алдын алудың басқа да шараларын уақытылы қабылдаған жағдайда, оларды жасауға жол бермеуге болатынына сенімдімін. Осы тұрғыда әкімшілік жауапкершілік шаралары аса маңызды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша белсенді әрекет ету жұмысы мемлекеттің сыбайлас жемқорлық қылмыстың алдын алу жөніндегі жалпы кешенді саясатының құрамдас бөлігін құрайды. Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілді» – деді О.Бектенов. 


Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті. Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.


Осылайша, О.Бектеновтің сөзінше, Агенттікте қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құралдар бар.