Ведомство қызметкерлері жеке тұлғалардың шағымдары, басқа мемлекеттік органдардан келіп түсетін материалдар негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізеді, дербес деректерді жинау және өңдеудің заңдылығы, сондай-ақ оларды қорғау жөніндегі шаралардың сақталуы тұрғысынан әкімшілік істер қозғайды.


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысына тоқталды. 


Оның айтуынша, азаматтар көбінесе дербес деректерді ашық қолжетімділікте тарататын коммерциялық интернет-ресурстарға шағымданады. Яғни, іздеу жүйесінде адам өзінің тегі мен атын енгізгенде, жауап ретінде өзі туралы мәліметтер сақталған сайттарға сілтемелер шығады: ЖСН, туған күні мен жері, бар болса, сот шешімдері көрінеді.


«Осыған байланысты біз мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жеке интернет-ресурстарға қатысты артық деректерді жалпыға қолжетімді ресурстарда жариялаудың жолын кесу бойынша шаралар қабылдадық. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушіні іздеу» сервисінде ТАӘ теру кезінде ЖСН ұсыну бөлігінде жұмыс істеуі реттелген және керісінше. Қазіргі уақытта сервис тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды іздеу үшін ғана қолжетімді, заңсыз алынған дербес деректерді тарататын екі жеке меншікті интернет-ресурс әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Әбдіхалықов.


Дербес шекараны бұзушылар арасында коммуналдық қызметтер, ПИК, ТҚК және МИБ бар. Олар борышкерлердің тізімдерін кіреберістерге іліп, чаттарға таратады. Көбінесе бұл тізімдер жеке деректерді қамтиды: иесінің аты-жөні, мекен жайы, телефондары.


«Мұндай деректерді тарату артық болып табылады және егер олар зиянкестердің қолына түссе, оларды зиян келтіру мақсатында пайдалануға әкеп соғуы мүмкін. Осылайша, WhatsApp мессенджерінің чаттарында тұрғындардың дербес деректерін заңсыз таратқаны үшін елордалық тұрғын үй кешендерінің 2 басқарушы ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 20 АЕК көлемінде әкімшілік жаза қолданылды. Үшіншіден, қандай да бір тәсілмен дербес деректерді заңсыз таратқан жекелеген адамдарға шағымдар келіп түседі. Мысалы, лауазымды тұлғалар дербес деректері бар құжаттарды үшінші тұлғаларға заңсыз береді немесе қорғау шараларын сақтамайды, бұл дербес деректердің жайылып кетуіне әкеп соғады. Аталған іс-әрекеттер үшін 100 АЕК көлемінде 6 коммерциялық ұйым және мемлекеттік органның 1 лауазымды тұлғасы 500 АЕК мөлшерінде жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті спикер.


Бұдан басқа, өтініштер негізінде заңсыз таратылған 30-дан астам азаматтың дербес деректері жалпыға қолжетімді ақпарат көздерінен алынды.