«Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тәулік бойы әскери қызметтің кез келген жағдайында қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын әскери дәрігерлердің ұдайы назарында болады. Бұл ретте көрсетілетін медициналық көмектің тізбесі жоғары технологиялық рәсімдер мен әскери санитариялық авиация қызметтерінің элементтерін қоса алғанда, шұғыл медициналық көмектен мамандандырылған көмекке дейінгі қызметтер қарастырылған. Өткен жылы коронавирустық пандемия кезінде әскери дәрігерлер азаматтық денсаулық сақтауға көмек көрсетті. Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған және Үшарал қалаларында 4 әскери госпиталь стационарлар болып бейімделді, 24 дәрігерлік бригада құрылды. Әскери дәрігерлер 1573 азаматты коронавирустық инфекциядан емдеді», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы госпитальдарда әлі де болса инфекциялық стационарлар бар, ал өңірлік госпитальдар мен лазареттерде осы мақсаттар үшін қосымша инфекциялық бөлімшелер ашылған. 346 азамат емделді. Коронавирустық инфекцияны зерттеуге арналған 4 ПТР зертхана жұмыс істейді.