Ол баршаны келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау және өз елінің тарихын білу және құрметтеу әр адамның міндеті екенін еске салды.

Соғыс кезінде 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиялары және басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметтері үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен, ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды.

Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін жанын берді – олар шайқаста қаза болды, жаралар мен аурулардан қайтыс болды және хабарсыз кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралған жоқ

«Еліміздің тәуелсіздігінің барлық 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады. Жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 5%-ға және ынтымақты зейнетақы 7%-ға, әлеуметтік төлемдер 5%-ға арттырылды. Қабылданып жатқан шаралар халықаралық практикада қолданылып жүрген жоғалтылған табысты алмастыру стандартын (40%) арттыруға мүмкіндік берді, ол Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақы төлемдері есебінен 49,9%-ды құрайды», – деп мәлімдеді Ерлан Әукенов.

Сондай-ақ, ол өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатынын жеткізді. Зейнетақыны қоса есептегенде, әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

– ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 теңгені;

– ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңге;

– басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Мысырда, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге;

– ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 154 638 теңге;

– ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін-119 562 теңге;

– ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне - 120 112 теңгені құрайды.