ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, өткен жылы КВИ пандемиясы жарияланғанда вирустың таралу жолдары зерттелмегендіктен, ДДСҰ ұсынысы бойынша дезинфекциялау жұмыстары жиі жүргізілді.
«Дезинфекциялау жұмыстары қазақстанда ғана емес, Қытайда, Еуропа елдерінде де жүргізілді. Жалпы, КВИ-дің таралу жолы белгісіз болуына байланысты министрлік 2020 жылы адамдар көп шоғырланатын орындарды, аялдамаларды, қоғамдық көліктерді, барлығын дезинфекциядан өткізу, дезинфекциялық тоннель орнату туралы шешім қабылдаған болатын. Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстарының нәтижесі вирус контактілі беттерді дезинфекциялаудың басқа шараларға қарағанда тиімдірек екенін көрсетіп отыр. Осыған орай, ведомство ғимараттарды, көшелерді, қоғамдық орындарды дезинфекциялаудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл ДДСҰ ұсынымына сәйкес жасалуда», - деді М.Шоранов өз жауабында.