«Биыл жалпы құны 285 млрд. теңгеден асатын 14 жаңа өндіріс іске қосылады. Қарағанды облысының көп тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мамыр айында QazCarbon компаниясының жоғары сапалы көмір өндіретін жаңа байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Жәйрем ТБК жаңа байыту фабрикасында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында компания өндірістік бағдарламаны қолға алады. Төртінші тоқсанда Балқашта қуаты 50 мВт күн электр станциясын іске қосу жоспарланған, ал жалпы екі жыл ішінде өңірде «жасыл» электр энергиясын өндіру 77% - ға өсті», - деп хабарлады өнеркәсіптік өңір басшысы.


Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Саран қаласындағы бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын зауыт аумағындағы жаңа индустриялық аймақтың даму перспективаларына тоқталды. Сәуір айында ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Өнімнің бірінші партиясын шығару 2022 жылдың соңына жоспарланып отыр. 2020 жылдың желтоқсан айында жұмыс істей бастаған «Қазтехна» автобус зауыты маусым айында екінші кезеңге – ұсақ торапты құрастыруға шығуы тиіс. Жалпы, өңірде бір мезгілде құны 2 трлн. теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылуда.


«Өңірге жеке меншік инвестициялар тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында олардың негізгі капиталдағы өсімі 22,9%-ды құрады - бұл 211 млрд. теңге, ел бойынша үздік көрсеткіштердің бірі. Жыл қорытындысы бойынша кемінде 810 млрд. теңге тарту көзделген. Бұл көлемнің 80%-дан астамы - жеке инвестициялар», - деп атап өтті Қасымбек.


Өңір басшысы ең жоғары өсу қарқыны бар салаларды атап өтті. Бұл жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, фармацевтика, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, химия өнеркәсібі. Өңдеу өнеркәсібінде 3,6% өсіс байқалды. Болат пен мыс өндірісі артты.