«Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменінде жатыр. Сондықтан өңірді сумен қамтамасыз ету, судың деңгейі көрші елдерге байланысты. Қазіргі кезде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері де су тапшылығын сезініп отыр. Мәселен, Қырғызстандағы «Тоқтағұл» қоймада жылына 15 млрд текше метр су жиналу керек болса, қазір бар болғаны 7-8 млрд. текше метрді құрап тұр. Бүгінде бірнеше келіссөз өтті. Су транзит арқылы өтетіндіктен үш жақты келісімдер жасау маңызды. Біз бұл туралы барлық ұсыныстарымызды бердік», - деді өңір әкімі өз жауабында. 


Оның айтуынша, қазіргі кезде облысқа секундына 555 текше метр су келіп жатыр. Бұл күріш бастыруға мүмкіндік берді. Экология министрлігі, Үкіметпен, әсіресе, шілде айында күріш, басқа да дақылдарды сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастырады. Арнайы штаб құрылып, жағдай күнделікті бақылауға алынды, аудан, аудан ішіндегі шаруашылық бойынша кезекшілік белгіленді. Ең бастысы келген суды бірқалыпты шаруашылықтарға бөлу.