«Білім беру саласында апатты жағдайдағы мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірде осындай 3 мектеп бар. Биыл бір мектеп іске қосылады, апатты мектептің орнына біреуінің құрылысы жалғасады. Осы жылдың басында анықталған бір апатты мектеп бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, 550 орындық үш қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүріп жатыр», - деді облыс әкімі.


Бұдан басқа, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Елбасының тапсырмасымен 2021 жылы 475 орындық 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 47 балабақша мен 44 мектепте арнайы инклюзивті кабинеттер ашылады.


Бұқаралық спортты дамыту мақсатында осы жылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерлерде 5 спорт кешені, бір көпфункционалды спорт кешені салынады, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 7 жоба іске асады деп күтілуде.