Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, медициналық көмек көрсету сапасының деңгейі ведомство бақылауында. Бүгінде бірқатар әкімшілік шаралар қабылдануда.
«Халықтың шағымы құлағымызға жетіп жатыр. Қазіргі кезде медицина қызметкерлерін оқыту, олардың деңгейін, біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта министрлік тарапынан бөлінетін қаржы артуда. Әсіресе, ел арасында көп тараған аурулар, балалар ауруларын ерте анықтау және онкология бойынша дәрігерлерді көбірек оқытуға қаражат бөлінуде. Сонымен қатар, әр аймақта, Медицина қызметтерінің сапасын бақылау комитетінің, Медициналық сақтандыру қорының филиалдары бар. Осы ұйымдарға сараптама және бақылау жұмыстарын арттыру жөнінде тапсырма берілді», - деді А.Ғиният.
Сондай-ақ, вице-министр мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетінін, медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенін еске салды. Бұл да медициналық көмектің сапасын арттыруға, жақсы мамандардың келуіне септігін тигізеді.