«Өңірлер қарқынды жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырысқа міндетті түрде 3 тарап қатысады. Бірінші тарап - облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент мәдениет басқармалары, олар заңнамада оператор ретінде белгіленген. Олардың негізгі функциясы - өнімді іріктеу, бөлінген қаражатты бөлу және балалар контингентін белгіленген тәртіппен жинақтау. Екінші тарап - үйірмелер қызметін ұйымдастырушылар, яғни өнім берушілер. Оған айқындалған талаптарға сәйкес келген кез келген кәсіпкер қатыса алады. Үшінші тарап – балалар, ата-аналар, қамқоршылар... Бүгінде өнім берушілер тіркелді. Мысалы, Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында балаларға ваучерлер беріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді К.Сейітова. 


Оның айтуынша, ваучердің қолданылу мерзімі 10 жұмыс күні және ұзартылмайды. Осы уақыт ішінде ваучерде көрсетілген баланың заңды өкілі және өнім беруші шарт жасасады. Баланың сабақты дәлелді себепсіз қатарынан 3 рет өткізуі, шығармашылық үйірмеге бару регламентін сақтамауы өнім берушінің біржақты тәртіппен шартты бұзуына негіз болады. 
Сонымен қатар, оператор жеткізушіге ай сайын көрсетілген қызметтер фактісі бойынша әрбір бала үшін төлем жүргізеді. Келу табелі заңды өкілдің электрондық қолтаңбасымен расталады.