«Қазір Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірге болжамның келесі раунды бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады. Өздеріңіз білесіздер, ел басшылығы экономиканың өсуі 3,5% және одан жоғары деңгейде болуы мүмкін екенін атап өтті. Іс жүзінде, 5 айдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 1,6% деңгейінде қалыптасты, алдыңғы раундта 1,2% өсім болады деп болжанды. Халықаралық тауар биржаларында бағалардың тұрақтануы байқалады, яғни мұнай бағасы бүгінде барреліне 75$ деңгейінде, жалпы әлемдік экономика жылдам қарқынмен қалпына келіп жатқанын көріп отырмыз, ел экономикасындағы ішкі сұраныстың тұрақтануы қызмет көрсету секторының оң өсу аймағына ауысуына әкелуде. Әрине, елдегі іскерлік белсенділіктің өсу қарқыны вакцинация қарқынына, коронавирустық пандемия жағдайының дамуына байланысты болады, бірақ біз негізгі капиталға, әсіресе экономиканың өндіруші емес секторына салынатын инвестициялар қарқынды өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл факт бізді қуантады. Нәтижесінде, болжамды мәнді арттыру қажет болады», - деді министр. 


Сонымен қатар, биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеттелді. Бұл ел үшін рекордтық көрсеткіш. ТМД елдері арасында жан басына шаққанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Қазақстан бірінші орында тұр.