«Қала тұрғындарының маңызды және өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайтуды жүйелі жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2018 жылы 1100 әлеуметтік пәтер, ал 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы осындай 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті елорда әкімі. 


Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді: медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. 


Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін» бағдарламасы биыл да жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады.