Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Токиода өтетін жазғы Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйақы мөлшеріне қатысты сұрақ қойды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, сыйақы Үкімет қаулысына сәйкес беріледі.
«2020 жылы жалпы Олимпиадада жеңіске жеткен спортшыларға, олардың бапкерлеріне арналған әрбір спорт түрінен сыйақы беру туралы ережелер қабылданған болатын. Осы құжатқа сәйкес, 1-орын алғаны үшін спортшыға және бапкерге 250 мың доллардан беріледі. Мысалы, бапкерлердің төлемақысы келесідей: 100 пайыздың 10% осы спортшыны тапқан бапкерге, 80% спортшыны дайындаған бапкерге және 10% спорт түрінің бас бапкеріне беріледі. 2-орынға 150 мың доллар, үшінші орынға 75 мың доллардан қарастырылған. Бұл сыйақылар спорт жетістігі заңды түрде негізделгеннен кейін төленеді», - деді министр.