«Соңғы апталарда вакцинацияның қарқыны өскенін атап өтуіміз қажет. Бүгінгі күні республика бойынша тәулік сайын орта есеппен 80-100 мың адам егіледі. Мысалы, кеше бірінші компонентпен 113 мың адам, екіншісімен - 48 мың адам егілді. Осы қарқын сақталған жағдайда, тіпті күн сайын 60-80 мың адам вакцина салдырса, біз айына шамамен 2 млн адамды еге аламыз. Вакцинация - вирустың таралуын азайтудың және бұрынғы өмір салтына оралудың жалғыз жолы екенін еске салғым келеді», - деді М.Шоранов. 


Бүгінгі таңда Қазақстанда вакцинаның 6,3 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентпен 4 020 128 адам егілді, бұл тиісті халықтың 40,6% - ын құрайды. Екінші компонентпен 2 283 761 адам қамтылды. Егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті мөлшері бар: шамамен 776 мың доза бірінші компонент, және 1 млн 400 мың - екінші компонент. 


Денсаулық сақтау министрінің орынбасары 2 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №31 қаулысы күшіне енгенін еске салды, оған сәйкес COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмыскерлерді (соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) күндізгі режимде жұмысқа жіберу шектеледі. Вакцинациялаудың толық курсын алмаған адамдар ПТР-тестілеудің теріс нәтижесін 7 күнде 1 рет ұсынған жағдайда күндізгі жұмыс форматына жіберіледі.