«Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шаралардың тиімділігі туралы қоғам пікірін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, репродуктивті жастағы және балалы отабсыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды оң бағалайтын халықтың үлесі шамамен 70% құрады. Бұдан басқа, отбасымен қамтамасыз ету және ананы әлеуметтік қолдау бойынша қолданыстағы заңнамаға жүргізілген талдау барысы әлеуметтік қолдаудың ең төменгі нормалары халықаралық еңбек ұйымының конвенциясымен бекітілген халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетіп отыр», - деді А.Ниязов.  


ЕХӘҚМ өкілі халықаралық тәжірибе де қосымша зерделенгенін жеткізді.  


«Италияда бала күтімі бойынша жәрдемақы табыстың 30% мөлшерінде 6 ай ғана төленеді, Ұлыбританияда 39 аптаға дейін, яғни шамамен 9 ай, Германияда бала 1 жасқа толғанға дейін төленеді (бір ерекшелігі – әлеуметтік қолдау шаралары бұл елде екінші баладан бастап қана көрсетіледі), Ресейде бала 1,5 жасқа толғанға дейін, ал АҚШ пен Үндістанда мұндай көмек түрлері мүлдем қарастырылмаған. Жоғарыда аталған жұмыстар нәтижесінде Қазақстандағы балаларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетінін атап өткеніміз жөн», - деді спикер.