«Мен 2002-2004 жылдары бас бапкер қызметін атқарғам, ол кезде Бақтияр Артаев алтын, Геннадий Головкин күміс, Серік Елеуов қола алған болатын. Әр олимпиада ойындарында боксшылар Қазақстан қоржынына 3-4 медальдан салып келеді. Бірақ 2008 жылы ел қоржынына 2 медаль түсті, бір қола, бір алтын, Еркеғали Шыналиев қола, Бақыт Сәрсекбаев алтын алды. Бүгінде жанкүйерлеріміз орын таппай, әлеуметітк желілерде көп әңгіме айтуда, мен оларды сабырға шақырамын. Қалған 4 боксшымыз жақсы өнер көрсетіп, медаль алып жатса, бұл әңгімелердің бәрі артта қалады. Олардың жеңіске жететініне сеніміміз мол», - деді Ибраимов өз жауабында.  

Ермахан Ибраимов спортшыларды дайындауға қатысты тактикалық тұрғыдан өзгерістер енгізер едім деп мәлімдеді. 

«Біздің боксшылар алдыңғы қолмен мүлдем жұмыс істемейді, тек қана күшті қолымен, оңқай болса, оң қолымен, солақай болса, сол қолымен қатты соққы жасайды, ал қарсыласын қашықтан алдап, жеңу деген жоқ. Лондон Олимпиадасында Серік Сапиев ойнағандай, Афиныда Бақтияр Артаев жұдырықтасқандай жақсы өнер көрсете алмай жатыр. Бұл жерде тактикалық тұрғыдан бүкіл боксшыларға өзгерістер керек. Аяқпен жұмыс істемейді. Аяқпен қорғану керек. Қашықтықты бірден үзіп, қайта қасына секіріп барып, қорғаныс жасауды ұмытпаңыздар», - деді спортшы.