Мүмкіндік бар. Нәтижелер болады. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қазақстандық жанкүйерлерге үндеу жолдады. Ол Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан шыққан спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Бір жылға кейінге шегерілген бұл Олимпиаданың қиын өтіп жатқандығы туралы бірнеше рет айтылды. Карантин мен физикалық жүктемелерге қойылған шектеулерге эмоционалды жағдайлар да қосылды, бұл екі есе қиын. 


«Барлық жанкүйерлерден біздің құраманы қолдауларын сұраймын. Олимпиада әлі де жалғасуда, асығыс қорытынды жасаудың қажеті жоқ, қандай да бір спорт түрінен «маман» болу керек емес. Жеңілістің ащы дәмін мен де татқам, бұл өте қиын. Мен Бейжің Олимпиадасына қатысып, ұтылдым. Мұнда да әр салмақта көшбасшы жігіттер қатысуда, өкінішке орай, олар қарсыластарына есе жіберіп алды. Бірақ, бұл спорт, бәрі де болуы мүмкін. Сондықтан барлық жанкүйерлерімізден Олимпиадаға қатысып жатқан спортшыларымызға қолдау көрсетулерін сұраймын. Біз әлі де күресіп, нәтижеге қолжеткіземіз», - деп атап өтті спорт қызметкері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.