«Біріншіден, ол ғалымдардың жалақыларының тұрақсыздығы. Бүгінде ғалымдар жалақыны институт директоры болмаса тек қана конкурс арқылы ғана ала алады. Ал конкурстар былтырғы жылға дейін үш жылда бір рет қана өткізіліп келді. Сондықтан ғылыми қызметкер болса да, ғалым конкурста жеңбесе, үш жылға ғылымнан да, институттан да қол үзуге мәжбүр болатын. Мұның себебі, қазіргі заңға сәйкес, базалық қаржыландыру көлеміне тек әкімшілік және техникалық қызметкерлердің жалақылары және ғимаратты ұстау шығындары ғана кіреді. Осы жағдайды өзгерту үшін Президент базалық қаражат есебіне жетекші ғалымдардың жалақысын енгізуді тапсырды. Екіншіден, Мемлекет басшысы ғалымдардың еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешуді тапсырды. 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құрады. Айта кетейік, бұл жалпы экономика бойынша орташа жалақының 72% ғана құрайды. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы бойынша заңға тиісті өзгерістер енгізу бойынша қаржы министрлігімен, басқа да тиісті министрліктермен жұмыстар жүргізілуде», - деді комитет төрайымы. 


Сонымен қатар, Президент Жолдауында іргелі ғылыммен айналысатын институттардын қаржыландырылу мәселесін көтерді.  


«Бұл  бірінші кезекте әлеуеметтік гуманитарлық зерттеулерге қатысты. Былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы іргелі зерттеулерді тікелей қаржыландыруды тапсырған болатын. Бірақ негізгі заңға, заңнамаға өзгерістер енгізбей, бұл мәселе шешілмеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында заңға тиісті өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, ғылым саласын гранттық қаржыландыруға келсек, қазіргі таңда гранттың ең көп мерзімі 36 айды құрайды. Бұл бір іргелі нақты қомақты нәтижелерге қолжеткізу үшін қолайлы емес. Жолдауда бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр. Сондай-ақ ұлттық кеңестерге қатысты соңғы жылдары көп мәселелер туындағанын қоғам біледі. Бұл ғылыми қауымдастықты көптен бері алаңдатып келе жатқан мәселе. Бұл бойынша да нүкте қойылды деуге болады. Өйткені заңға аппеляция институты енгізіледі. Мемлекет басшысының Жолдауда ғылыми қауымдастыққа көрсетіп отырған осындай қолдауы үлкен жауапкершілік артады», - деді Ж.Құрманғалиева. 


БҒМ бүкіл ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, осы заң бойынша жұмысты бастады және жыл соңына дейін оны дайындап, қабылдамақ ниетте.