«Тасымалдаушылардың талаптары жолдарды тиісті сапаға келтіру, тарифтерді төмендету жағына қарай қайта қарау болды. Бірінші санаттағы жолдардың тарифі ауыр жүк көліктері үшін 2013 жылдан бері 1 км үшін 5 теңгеден 25 теңгеге дейін өзгеріссіз қалуда. Ал 2-ші және 3-ші санаттағы жолдар бойынша төлем жайлылық деңгейге байланысты төмендету коеффициентін қолдана отырып, жүк көлік құралдарына ғана алынатын болады. Қазақстан жол ҒЗИ есептеу әдістемесі бекітілді. Ол бойынша есептегенде қазіргі тарифтерден 50 пайызға жуық төмен болады. Жалпы, ұзындығы 5800 км учаскелерді жолдарды кезең-кезеңмен ақылы жүйеге өткізу жоспарланған. І кезеңде, 1 қазаннан қарашаға дейін ұзындығы 1800 км бірінші санаттағы учаскелер ақылы болады. Қазіргі кезде бұйрық жобасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық кеңестердің келісіміне ұсынылды, содан кейін тиісті мемлекеттік органдарға жіберіледі. Одан соң халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі», - деді басқарма төрағасы. 


Оның мәліметінше, «Нұр-Сұлтан – Павлодар» бағытындағы жол (Шідерті маңайындағы 24 км жол қосылмайды), «Шымкент-Өзбекстан шекарасы», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Тараз – Қайнар», «Қапшағай – Талдықорған», «Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл» жолдары ақылы болады.  


Сонымен қатар, 2-ші кезеңде, жыл соңына дейін ұзындығы 4000км 2-ші және 3-ші санаттағы учаскелер дайын болады.