«Аурушаңдықтың төмендеуіне байланысты облыс бойынша инфекциялық төсек-орын саны қысқартылып, өңірдегі жалпы инфекциялық төсек-орын саны 3500-ден  2352 дейін төмендеп отыр. Бұдан бөлек, облыста резервтік 624 орындық инфекциялық стационар әзірленді, оның 40-ы реанимациялық төсек-орын. Ағымдағы жылы Атырау және Құлсары қалаларында 200 орындық 2-і модульдік инфекциялық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 518 науқас емделуде. Облыс бойынша төсек-орын жүктемесі 22%. Ал осыдан бір ай бұрын 1818 науқас инфекциялық стационарда жатқан. Науқастар саны 3,5 есеге төмендеді. Реанимациялық төсек-орын саны - 90, реанимацияда 41 науқас емделуде. Ауыр дәрежеде және өте ауыр дәрежеде 7 науқас бар», - деді Хаменова. 


Оның айтуынша, үйде ем алып жатқан науқастарға 129 мобильдік бригада бақылау жасап, емханалар тарапынан мониторинг күшейтілді. Облыста 14 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Індет басталғалы өңірде 1 млн 600 зерттеу жасалды. Халыққа уақытылы қызмет көрсету үшін жаңадан 66 жедел жәрдем көлігі және 5 жылжымалы медициналық кешенмен толықтырылды. Барлық медициналық мекемелерде жеке қорғаныш құралдары мен дәрілік заттардың 2 айлық қоры жасалды.