Оның айтуынша, 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалі аясында арнайы номинация қарастырылған. Ол зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалар мен олардың қызметкерлеріне табысталады. 


«Еліміздің музейлерінде мүмкіндігі шектеулі суретшілер мен қолөнер шеберлерінің жеке көрмесін ақысыз өткізуге қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бүгінде Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі отандық танымал пейзажист-суретші Анар Абжанованың жеке көрмесін өткізу үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мәдениет ұйымдарының көрсететін ақылы қызмет бағаларының тізбесіне сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тегін кіруге мүмкіндік берілген. COVID пандемиясына байланысты шектеу шаралары орын алған тұста бұл азаматтарға мәдени қызмет түрлері онлайн режимінде көрсетілді. Оның ішінде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі есту қабілеті бұзылған адамдар үшін арнайы бейне-экскурсиялар ұсынды», - деді Абдуалиев.