Оның айтуынша, заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұрады және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізу қарастырылған. Заң нормаларын іске асыру үшін 2021-2023 жылдарға 55 млрд теңге бөлінді. 


«Осы жылдың келесі айынан бастап мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары жаңа жәрдемақы ала бастайды. Заңда іс жүзінде не көзделген? Біріншіден, себебіне қарамастан, 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 топтағы мүгедектігі бар 66 мыңнан астам адам тұрады, олардың әрбір үшіншісі бала кезінен мүгедек ретінде күтім жөніндегі жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтамасыз етілмеген. Әдетте, бұл комадағы адамдар, мүгедектер, ең ауыр жағдайлар. Заңды қабылдау нәтижесінде мемлекет 24 мың адамға – 1 топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын 48 мың теңге жәрдемақы төлейтін болады. Бұл мүгедектігі бар адам алатын мүгедектік бойынша жәрдемақыға қосымша төленеді. Екіншіден, бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті саралауға мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар балалардың 1-ші және 2-ші топтары үшін аурудың ауырлық дәрежесіне байланысты жәрдемақылар мөлшері артады. Біздің бағалауымыз бойынша 37%-ға дейін: 1 – топ - 65 мың теңге, 2-топ - 54 мың теңге. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады. Бұл әлемдік озық тәжірибе», - деді спикер. 


Асыраушысынан айрылған және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар бір мезгілде жәрдемақының 2 түрін ала алады. Бұл норма (48 мың теңге және 29 мың теңге) екі мың балаға қатысты болады.