Оның айтуынша, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері табиғат пайдалану саласында жыл басынан бері 1700 аса рейдтік іс-шара және 441 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 820 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталды. Аталған заң бұзушылықтар бойынша 768 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 6 млн теңгеден астам сома өндірілді.  


«Ақбөкендерге ерекше тоқталып өткім келеді. 2021 жылғы есеп нәтижелері бойынша, тұрақты қорғаудың арқасында олардың саны 842 мыңға жетті. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғауды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК  мекемесі жүргізеді. Жалпы ауданы 123,0 млн. га 12 әкімшілік облыстың аумақтарында жүзеге асырады. Онда 430 инспектор және жүріп өту мүмкіндігі жоғары 152 бірлік жол талғамайтын автокөлік құралдары жұмылдырылған. 


Қайғылы оқиғаларға байланысты, 2019 жылы біздің үш инспектор қайтыс болғанда, Мемлекет басшысы браконьерлікпен күрес бойынша түбегейлі және кейінге қалдыруға болмайтын шараларды қабылдауға тапсырма берді. Мәселен, 2020 жылғы қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен санкцияларды қатаңдату бөлігінде 335 және 337-баптарға түзетулер күшіне енді, яғни қылмыстық теріс қылықтар қылмысқа көшті, сондай-ақ 337-бапқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясымен жаңа 6 бөлім енгізілді. 


339-бапқа киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз алуды, сатып алуды, сақтауды, өткізуді, әкелуді, әкетуді, жөнелтуді, тасымалдауды немесе жоюды көздейтін 1-1-бөлік енгізілді, ол үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді, мүлкі тәркіленеді.  


380-1-бапта жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қорықшының өміріне қолсұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. 
Сондай-ақ, қорықшыға қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 380-2-бап енгізілді», - деді спикер.