«19 шілдеде дельта штаммынан туындаған инфекцияның ең ауыр толқыны басталды.Ағымдағы жылдың басынан бері барлығы 152 мыңнан астам КВИ жұқтыру дерегі тіркелді. Оның ішінде ағымдағы жылдың 19 шілдесінен бастап 7 қазанға дейін 85 204 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні  біз бұл толқынның шырмауынан да шыға алдық. 29 шілдеден 25 тамызға дейінгі аралықта  қалада індетті жұқтырудың жоғары деңгейі тіркелді, күніне 1500-1600 жағдай. 26 тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін инфекция жұқтыру жағдайы  төмендеп келеді, 7 қазандағы көрсеткіш 1605-тен 423-ке дейін. Төмендеу шамамен 74%-ды  құрады. Тиісінше, КВИ-дің тәуліктік өсімі 25 тамыздан бастап 1,16-дан 0,2%-ға дейін төмендеді. R мөлшері (жұқтыру индексі) 1,03-тен 0,929-ға дейін төмендеді. Егер бірінші толқын кезінде күніне вирус жұқтырғандардың саны 250-ға жеткен болса, екінші және үшінші толқын кезінде, шамамен, 400 және 700 болса, дельта штаммы тараған тұста вирустың жұғу деңгейі тәулігіне 1600 немесе одан да көп болды.  

Ал дельта штамы шыңына жеткенде жедел жәрдем шақыру екі еседен көп артып, 4000-ға дейін өсті. Оның 45% КВИ мен ковидті этиологиялы пневмониямен байланысты шақырулар болды, яғни ПТР нәтижесі теріс, бірақ адам ауырып, органдары зақымданған жағдайлар», - деп нақтылады спикер. 


КВИ-дің төртінші толқыны кезінде стационарларға емдеуге жатқызу деңгейі 5 есеге өсті. 


Егер бірінші толқын кезінде ауруханаға жатқызу тәулігіне 250 адамға дейін, екінші және үшінші толқын кезінде – 400-450-ге дейін болса, төртінші толқын кезінде ауруханаға жатқызу деңгейі екі есе жоғары болды және тәулігіне 800 пациентке жетті. 

«Төртінші толқынның шыңы кезеңінде 10 мыңға жуық инфекциялық төсекорын дайындалды, олардың нақты 9 мыңға жуығы пайдаланылды. Дельта толқыны шыңына жеткенде  олардың жүктемесі 70% дейін болды. Әкімдік  тарапынан резервте 1000 төсекорын жасақталды. Бүгінгі күні инфекциялық төсекорын  саны 3179-ға дейін төмендеді, олардың жүктемесі – 41,1%. Сондай-ақ, ауру жұқтырудың шыңы кезінде біз реанимациялық төсекорын санын 730-ға дейін арттырдық. Вирустың шарықтаған тұсында олардың жүктемесі 70% жуықтады. 6 қазандағы жағдай бойынша Реанимация және интенсивті терапия бөлімшелерінде (РИТБ) 310 төсек орын жұмыс істеп тұрды, оның 54% қамтылған. Өлім-жітім – күрделі мәселе. Ауру жұқтырғандар санының өсуіне және стационарлардағы науқастар санының біртіндеп артуына, реанимациядағы ауыр науқастар санының көбеюіне байланысты өлім-жітім де көбейді. 

Қазір біз жағдайдың біршама тұрақтанғанын байқап отырмыз. Қыркүйек айында реанимациядағы науқастар арасындағы өлім-жітім тамызбен салыстырғанда 18%-ға төмендеді. Бірақ ауыр науқастардың саны өзгеріссіз қалды, бұл пациенттердің реанимация және интенсивті терапия бөлімінде  ұзақ уақыт болуына байланысты», - деді спикер. 


Денсаулық сақтау министрлігінің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес арнайы топ жұмыс істейді. Мәселе бақылануда.