«Экспортқа шығатын компаниялардың көбісі ірі және орта, тұрақты экспорт жасайтын компаниялар. Бірақ QazTrade соңғы екі жылда ұстанған басты көмек көрсету құралдарының бірі өз бизнесін енді бастап жатқан кіші ксіпорындарға қаржылай емес көмек көрсету болып табылады. Осы орайда, біздің нақты үш құралымыз бар. Біріншісі, коучинг. Биыл экспорттық коучинг бағдарламасын Халықаралық сауда орталығы Еуропалық одақтың қаржылық көмегі шеңберінде пилоттық жоба ретінде енгізді. Нәтижесінде, бұрын экспорт жасамаған компаниялардың осы коучингтен кейін экспортқа шығуға, шағын компанияның экспорттық стратегиясын құруға деген ниеті барын байқадық. Сонымен қатар, биыл қазақстандық қолөнер шеберлеріне, тігін саласында жұмыс істейтіндерге, оның ішінд әйел адамдарға арнайы қолдау көрсетілді. Оның аясында арнайы электрондық платформаларда қазақстандық микрокәсіпорындарды шығаруға, білімін жетілдіруге көмек көрсетіледі. Үшінші құрал өте маңызды. Ол бізге білім алуға берілетін тапсырыстар. Барлық қызметтер шағын және орта бизнес өкілдеріне толықтай тегін ұсынылады. Әр экспорттаушыға арнайы курстар дайындалады. Бұл «ақылды экспорт» деп аталатын практикумда ескеріледі. Меніңше, қаржылай емес көмек Қазақстанда бастаушы кәсіпорындарға, оның ішіне экспорттаушыларға толыққанды көрсетіледі», - деді спикер өз жауабында.  


Экспорттық қаржылай емес қолдау құралдарының бірі сервистік қолдау. Бұл ұғымға отандық өнім өндірушілерді және қызмет көрсетушілерді шетелде өтетін халықаралық көрмелерге және арнайы сауда миссияларына қатысуын ұйымдастыру жатады. Сауда миссияға экспорттық әлеуеті зор отандық өндірушілер іріктеліп алынады. Осы компаниялардың бейініне сәйкес шетелдік сатып алушылар іздестіріледі және бизнес форум немесе жеке беттестіру форматынба B&B кездесулері өтеді. Бұл шаралардың басты мақсаты Қазақстанды өнімді экспорттау арқылы отандық өндірушілердің әлеуетін арттыру.  


Жыл басынан бері QazTrade 8 сауда миссиясын ұйымдастырды. Бұл миссияларға 158 отандық өнім өндіруші қатысты. Нәтижесінде жалпы сомасы 60 млрд теңгеге жуық 48 экспорттық келісімге қол қойылды.