«Маңғыстау облысында егу жұмысы республика бойынша ең төмен көрсеткішті құрап отыр. Облыста 435 540 доза вакцина тіркелген, оның ішінде 301 501 дозасы салынды. І компонентпен егілу 45,9%, ІІ компонентпен егу көрсеткіші шамамен 40%. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Вакциналар халыққа қолжетімді болуы үшін қосымша жылжымалы бригадалар ұйымдастырылды. Инфекцияның таралуы өршіген кезде екпе алғандар саны артты. Халық оның керектігін, оның аурудың алдын алуға көмектеетінін түсінді. Қазір барлық жағдай жасалып, егу жұмыстары жалғасуда. Осы жұмыстардың арқасында тұрғындарды екпемен қамту көрсеткіші 45-46% жетті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, ревакцинациялау мәселесіне тоқталған ол бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдар егілуі тиіс екенін атап өтті. Оның мәліметінше, облыста медицина қызметкерлері 84%, педагогтар 100% егілген. Ревакцинациялауды қараша айының үшінші он күндігінде бастау жоспарланып отыр.