«Шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына келсек, бұл биыл президентіміздің тапсырмасымен жүзеге асты, қазіргі таңда жоба сұранысқа ие. Қаржыландыру жыл сайын сұранысқа байланысты артып отырады. Бірінші кезекте кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар балалардың қауіпсіздігін ойлауы керек. Мысалы, би үйірмелерінде балаларға тиісті инфрақұрылым болуы керек. Сондықтан өңірлерден тиісті қызметкерлер шақырылып, талдау жасалды, әдістемесі мен ережесіне өзгерістер енгізіліп жатыр, осы мәселелер қаралуда. Бүгінде сұранысқа сәйкес өңірлер жоспарларын келесі жылға дайындап жатыр. Алматы мен Нұр-Сұлтанда балаларды секциялармен және үйірмелермен қамту көрсеткішінің жоғары болуы халықтың әлеуметтік порталды жақсы түсінуінен деп ойлаймыз. Қаржыландыру белгіленген тәртіпте сұранысқа сәйкес бөлінеді», - деді вице-министр.  


Бұл ретте ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжанов қазіргі кезде 79 мың бала  жан басына қаржыландыру жобасы бойынша оқып жатқанын атап өтті. Осы мақсатта 7 млрд  теңгеден артық қаржы бөлінген.  

«Бүгінде спорт саласында балалардың 30% жүйелі түрде дене шынықтырумен шұғылданады, яғни 122 мың секциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 477 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру спорт мектебінде тегін оқиды. Жан басына қаржыландыру 2025 жылға дейін одан әрі ұлғаяды. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында әлеуетті жеткізушілер қарқынды жұмыс істеп жатыр, кейбір аймақтарда, мысалы, Түркістан, Ақмола облыстарында бұл жұмыстар енді ғана қолға алынуда. Бұл мамыр айында енгізілген бастама. Ол дене шынықтыру, спорт саласында және үйірмелік, шығармашылық мәдениет саласында жүзеге асырылады», - деді ведомство өкілі.