«Сарапшылар урбанизациялық және демографиялық процестерге байланысты бізге қосымша 993 мың орын қажет деп санайды. Бұл бәріміз үшін өте үлкен сынақ. 2025 жылға қарай тиісінше қосымша мектеп орындарын құру қажет. Бірақ бұл міндетке бірбеткей қарамау керек - ақша бөлу, мектептер салу - бұл жұмыстың жартысы ғана. Мазмұны, яғни, кімнің оқытатыны анағұрлым маңызды. Алдымызда 100 мыңнан астам жаңа педагог даярлау міндеті тұр. Бұл құрылыстың өзін ғана емес, кадрларды даярлауды, біліктілікті арттыруды, мектептерді жабдықтауды, үлгілік жобаларды да қамтитын кешенді мәселе, қандай тетіктер арқылы жүзеге асырамыз - осы мәселелердің барлығын біз ұлттық жобада жинақтауға тырыстық», - деді спикер.  


Айта кетейік, анықтама материалдары бойынша 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылатын болады. Білім беру ұйымдарында балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалады. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту жоспарланған. Мектептердің 90% пәндік кабинеттермен жабдықталатын болады, мектептердің 100% қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.