Президент тапсырмасын іске асыру бойынша бірқатар ұйымдастыру іс-шаралары қабылданды. Біріншіден, денсаулық сақтаудың жетекші бейінді мамандары мен ұйымдастырушылары қатарынан жұмыс тобы құрылды; нормативтік-құқықтық құжаттар, атап айтқанда ЭКО жүргізу үшін көрсеткіштер қайта қаралды; өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің (әйелдер мен ерлер) тізімі өзектендірілді; фертильді жастағы адамдар санын ескере отырып, өңірлер бөлінісінде ЭКО-ға 7 мың квота бөлінді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова жұмыс нәтижелеріне тоқталды.   


Ол әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық ұйымдар бөлінісінде ЭКО қызметтерінің көлемін орналастырғанын жеткізді. Елдегі 27 емхананың 19-ы мемлекеттік тапсырысқа ие, оның 16-сы жеке меншік.  

«10 қарашадағы жағдай бойынша 6 мың пациентке ЭКО (84%) жасалды, 740 «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде процедураны бастады, 2 мыңға жуық жүкті әйел есепке тұрды және 40 бала дүниеге келді», - деді ведомство өкілі өз жетістіктерімен бөлісе отырып. 


Бұдан басқа, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Дені сау ұлт «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жыл сайын 7 мың квота қарастырылған. Осылайша, жыл сайын МӘМС шеңберінде ЭКО-ға дайын пациенттердің барынша көп санын қамтамасыз ету мүмкіндігі болады.