«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы, Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналған «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы өткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру мақсатында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретінде ІІІ томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты. Бұл жоба Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жүзеге асыру бағытында аймақтың даму белестерін насихаттайтын «Сыр елі» мегажобасы аясындағы маңызды жобалардың бірі. Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ, келесі жылы «Халық қаhарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада ескерткіш орнатылады. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда», - деді өңір әкімі. 


Г.Әбдіқалықова атап өткендей, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 1522 баланы қамтитын үйірмелерге биыл облыстық бюджеттен 100,1 млн теңге қаржы бөлінсе, келесі жылы 2150 бала үшін бұл қаржыны 301 млн теңгеге ұлғайтылады.